ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІНІҢ АПТАЛЫҒЫ
Желтоқсан айында «Alan International School» мектебінде дене шынықтыру пәнінің апталығы өтті. Бұл апталықтың мақсаты – оқушыларды салауатты өмір салтына баулу, дене белсенділігін арттыру және спортқа деген қызығушылықты дамыту болды.
Апталық барысында келесі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды:
«Көңілді старттар» эстафеталық жарысы (1–4 сыныптар)
Бастауыш сынып оқушылары үшін өткізілген бұл жарыста балалар допты дәлдікпен жеткізу, шеңбермен секіру, туннельден өту, кедергілерді еңсеру сияқты қызықты кезеңдерден өтті. Балалар жылдамдық пен ептілікті, командалық үйлесімділікті көрсетті. Жарыс барысында сыныптар арасында белсенді қолдау мен ынтымақтастық байқалды.
Арқан тартыс, қол күресі, секіртпемен секіру (5–7 сыныптар)
Орта буын оқушылары күш пен төзімділікке арналған жарыстарда бақ сынады. Арқан тартыста сыныптар командалық рух танытса, қол күресінде оқушылар жеке шеберліктерін көрсетті. Ал секіртпемен секіру сайысында икемділік пен шыдамдылық сыналды. Жеңімпаздар марапаттармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Волейбол және үстел теннисі турнирлері (8–11 сыныптар)
Жоғары сыныптар арасында өткізілген бұл турнирлер спорттық бәсекелестікпен қатар, достық қарым-қатынас пен серіктестікке негізделді. Волейболда командалық ойынның маңызы артса, үстел теннисінде дәлдік пен шапшаңдық бағаланды. Турнир жеңімпаздары кубоктар мен медальдарға ие болды.
«Спорт – денсаулық кепілі» сурет және плакат көрмесі
Көрмеге әр сынып оқушылары өз қолдарымен жасаған суреттер мен плакаттар ұсынды. Жұмыстарда денсаулық, қозғалыс, белсенді өмір тақырыптары кеңінен қамтылды. Бұл көрме балалардың шығармашылық қабілетін арттырып, спорттық көзқарастарын бейнелеуге мүмкіндік берді.
Апталық барысында оқушылар дене белсенділігінің маңызын түсініп қана қоймай, өзара ынтымақ пен серіктестікті нығайтты. Әр сынып өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жақсы эмоциялар мен ұмытылмас әсер алды. «Alan International School» ұжымы осындай іс-шаралар арқылы оқушылардың денсаулығын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттыруды жалғастыра береді.




