"ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ - НАУРЫЗ"
Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл күн – жаңару мен жасарудың, ізгілік пен мейірімнің, татулық пен бірліктің жарқын нышаны. Наурыз – барша халықтың ұлы тойы, табиғат пен адамның арасындағы үндестік пен үйлесімділікті паш ететін ерекше күн. Наурыз – өткенге тағзым етіп, келешекке үмітпен қараудың белгісі. Бұл – ұлы дала төсінде ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтардың алтын арқауы. Көктемнің шуақты сәттерінде халқымыз қыстан аман-есен шығып, жаңа өмірге қадам басқан. Бұл күн – тек күн мен түннің теңелуі ғана емес, адамдардың да бір-біріне деген мейірімі мен жан жылуын жаңғыртатын кезең. Биылғы Наурыз мерекесі мектебімізде ерекше рухта аталып өтті. Әр сынып өзіндік ұлттық нақышта көрмелер ұйымдастырып, өнер көрсетіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға үлес қосты. Балалар асық атып, арқан тартып, ұлттық ойындар арқылы қазақ халқының бай мұрасымен танысты. Көрермендер көзайымына айналған қойылымдар, әсем әндер мен күй тартулары – бұл мерекенің мәнін тереңдете түсті. Мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысқан ата-аналарға, ұстаздар қауымына және оқушыларымызға шынайы алғысымызды білдіреміз. Үштік одақ – мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы бірлік пен сенімнің нақты көрінісі екендігі тағы бір мәрте дәлелденді. Сіздердің қолдауларыңызбен және ортақ мақсатқа ұмтылған ұмтылыстарыңыздың арқасында мектебімізде ұлттық рухты сақтаумен қатар, ұрпақ санасына елжандылық, отансүйгіштік пен татулық қасиеттерін дарыту ісі қарқынды жүргізілуде. Бұл – болашаққа деген зор сеніміміздің кепілі.
https://www.instagram.com/reel/DHgttTjtNTs/?igsh=b2l2OG56aGZmNWNy






