18 МАМЫР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МҰРАЖАЙЛАР КҮНІ
18 мамыр – әлем бойынша Халықаралық мұражайлар күні ретінде атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – халықтың тарихи-мәдени мұрасын сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу, мұражайлардың маңызын арттыру және оқушылардың таным көкжиегін кеңейту.
Осы атаулы күнге орай «Alan International School» мектебінің 7-сынып оқушылары сынып жетекшілерімен бірге Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қызықты әрі танымдық экскурсияға барды.
Мақсаты – оқушыларға туған өлкенің тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін таныстыру, өз елінің тарихына деген қызығушылығын арттыру және тарихи жәдігерлерді құрметтеуге баулу.
Экскурсия барысында оқушылар мұражайдағы құнды жәдігерлермен танысып, өлкеміздің тарихы мен мәдениеті туралы қызықты мәліметтер алды. Оларды ежелгі дәуірден бастап қазіргі күнге дейінгі тұрмыстық заттар, археологиялық қазбалар, батырлардың қару-жарақтары, ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдары қатты қызықтырды. Мұражай қызметкерлері оқушыларға қазақ халқының тарихына қатысты қызықты деректер айтып беріп, сұрақтарына жауап берді.
Бұл экскурсия оқушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, тарихи жәдігерлердің құндылығын ұғынуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, олар тарихты құрметтеп, өз елінің өткенін бағалай білу керектігін түсінді.
«Alan International School» ұжымы оқушылардың рухани-адамгершілік дамуына, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге және өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойына патриоттық рухты, тарихқа деген құрметті және танымдық қабілетті қалыптастырады.


